Мәшһүр Жүсіп Көпеев(1857-1931)
ХХ ғасыр басындағы
әдебиеттің ірі өкілдерінің бірі М.Ж.Көпеев
1857(8) жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге
келіп, 1931 жылы туған ауылында қайтыс болады. Ол өз заманындағы
ауқатты кісілердің баласы, жастайынан ауыл молдасынан оқып
ескіше хат таныған, сөйтіп орта дәрежелі білім алады. 1870
жылдары Бұхара медресесінде оқиды, араб-парсы, Орта Азия
әдебиетімен танысады.
1875 жылдан бастап ауылда
оқытушы болып, кейінірек "Дала уалаяты" газетіне
өлеңдер, хат-хабар жазып тұрған.
Мәшһүр көп жылдар ел қыдырып, серілік
құрады, Еділ жағасындағы қалаларды аралайды.
Жан-жақты білімдарлығына, есімі, шығармалары елге
кеңінен таралуына байланысты "Мәшһүр" (арабша
- даңқты, белгілі, атағы жер жарған) деген
қосалқы атқа ие болады. 1887-90 жылдары Орта Азияның
Самарқанд, Ташкент, Бұхара, Түркістан т.б. қалаларын
аралап, халықтың тарихи мұрасы, тұрмыс-тіршілігімен
танысады. В.В.Радловпен танысқаннан кейін қазақтың ауыз
әдебиеті мұраларын жинап, жүйелеп бастыру ісімен
шұғылданады.
Қазан
төңкерісіне дейін Қазандағы Хұсайыновтар
баспасынан "Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір
тамашамыз" (1907),
"Хал-ахуал" (1907), аты өлең кітаптары мен "Сарыарқаның кімдікі
екендігі" (1907) дейтін қара сөз әрі өлеңмен
жазылған кітабы шықты. Алдыңғы екі кітабында
барлығы 16 өлең, 5 поэма жарық көрсе,
соңғы кітабында ұзақ екі мақала жарияланды.
Өлеңдерінде халыққа теңдік беру,
бұқараның сауатын ашу, сөз бостандығын,
еңбек ету, береке-бірлік т.б. әлеуметтік мәселелерді
көтереді.("Өнерге ғылым, білім болсаң
жүйрік", "Қазақтың осы күнгі
қылып жүрген жұмысы", Жалғанда таппай бір жар
жалғыз жүрдім", "Сәлем хат", "Анама"
т.б.). Сонымен қатар кейбір шығармаларында дінді
уағыздаушылықты жақтаса, кейде "ақ патшаға"
үміт артып, қайшылыққа ұрынды. Жалпы
алғанда Мәшһүр шығармаларының
көпшілігінде заман жайын айтады, қазақтың жаман
мінездерін, би-болыстарды, патша үкіметінің чиновниктерін сынайды.
Сөйтіп, халықты оянуға шақырады:
Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ
халқы,
Айырылмай
жаман менен жақсы фарқы.
Өнерге ұмтылайық, оқып жетіліп, мәдениетті,
күшті ел болайық деді:
Білімге
жабысайық көңіл қойып,
Ерлердің жұмысына жүрмін тойып...
Ақын өнер-білімге жету арқылы ғана теңдік,
бостандық аламыз дейді:
Өнерге, ғылым, білім болсаң жерік,
Берілер
ақыр бір күн басыңа ерік.
Міне сол себептен де
Мәшһүр өлеңдерінде қазақ
халқының жай-күйін, заман жайын дұрыс
аңғарады. Соған байланысты халықтың,
оқығандардың арманын, міндетін, мақсатын дәл
түсінеді, айқын білдіреді.
М.Ж.Көпеев ауыз
әдебиеті үлгілері негізінде өлеңмен бірқатар
дастандар да шығарды. Мысалы, "Шайтанның саудасы",
"Бұлбұл мен қаршыға", "Аңқау
адам", "Екі жас, бір кәрі", "Жарты нан хикаясы"
т.б.
Араб-парсы тілдерін жақсы
білген ақын Шығыс дастандарына еліктеп, "Гүлшат-Шеризат",
"Ғибрат-нама", "Баян-нама" т.б. шығармалар
жазды. Қазақтың халық творчествосы мұраларынан
көптеген дастандар, тарихи жырлар, айтыстар, шежірелер жинады.
"Көрұғлы", "Ер Сайын", "Ер
Көкше" т.б. дастандарды хатқа түсірді. Бүхар
жырау, Үмбетей, Шернияз, Көтеш, Шөже ақындардың,
С.Торайғыровтың өлеңдерін, жыр-толғауларын ел
аузынан жазып алып, қазақ фальклоры мен тарихшыларына мол материал
қалдырды.
Саяси лирика. Ақын
шығармалары көп уақыт бойы өз бағасын ала алмай
келді. Расында, М.Көпеев 1905 жыл оқиғасын
тұңғыш рет жырлаған, сол негізде оянған
қазақ даласындағы ұлт бостандығы
қозғалысының үлкен ақыны болған еді.
Оның шығармаларының басты тақырыбы - ұлт
еркіндігі, жер мәселесі, жер бостандығы, оқу-білім,
патшалық тәртіпті сынау сияқты өз кезеңі
үшін үлкен мәні бар халықтық-демократиялық
мәселе болды. "Қазақ жұртының осы
күнгі әңгімесі" деген өлеңінде ол 1905 жыл
революциясына үлкен үміт артып, келер жылы ату-асу саясаты
басталған соң патшаның 17 қазандағы
манифесінің бос сөз болып қалғанын сынаған
қазақтың бірден-бір саяси күрескер ақыны ретінде
көрінді.
Мың
тоғызыншы жылдан асты бесі,
Бес түгіл
көрді алтыны тірі кісі.
Тиеді
құлағыма еміс-еміс,
Октябрь он жетінші
манифесі.
Мархаббат патшамыздан теңдік бар деп,
Сөйленген
бір сөз
жоқ боп ел ішінде...-
Бұл өлеңнің негізгі идеясы - екі жүзді патша саясатын сынау, қазақ халқының еркіндік арманын көрсету. "Бұлбұл мен
Қаршыға" деген романтикалық лирикасында ақын
қаршыға арқылы қанаушылардың типін берсе,
бұлбұл арқылы ұзақ түнде атар таңды,
қызыл гүлді аңсаға азаттық жаршысы бейнесін
жасайды.
Өткіздім ұзақ түнді
сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен.
Көрем деп қызыл гүлдің
ашылғанын,
Ұзақ түн зығырданым
қайнауменен.
Қорыта айтқанда,
Мәшһүр Жүсіп ХХ ғасыр басындағы
ақындардың аса бір көрнектісі. Саяси тәртіпті одан
батыл сынаған адам жоқ. Ескіні сынағанда ол үлкен
сатираның, саяси лириканың ақыны, әділет,
бостандық идеясын жырлағанда - романтик. Поэзияны интим сезім емес,
үлкен саяси мазмұнның құрамына айналдыра білді.
Сондықтан оны біз саяси күрестің жыршысы, патшалық
тәртіп пен капитализм сыншысы, ұлт азаттық
қозғалыстың басты ақыны деп бағалаймыз.